2026 жылғы 8 айдағы негізгі капиталға салынған инвестициялар

21 қыркүйек 2026
Жүктеп алу

2026 жылғы қаңтар-тамызда негізгі капиталға салынған инвестициялар жылдық мәнде 8,1%-ға өсті (2025 жылғы 8 айда +14,3% ж/ж). Инвестициялардың өсуіне олардың құрылымындағы бюджет қаражаты үлесінің қысқаруы аясында қарыз қаражаты есебінен қаржыландырудың ұлғаюы қолдау көрсетті. Мемлекеттің инвестициялық процеске қатысуы экономикада елеулі орын алатын мемлекеттік компаниялардың меншікті қаражаты арқылы сақталып отыр.

Экономиканың негізгі секторлары арасында инвестициялардың жылдық мәндегі ең жоғары өсімі электрмен жабдықтау саласында тіркелді, бұл меншікті және қарыз қаражаты, оның ішінде кредиттік қаржыландыру көлемінің ұлғаюымен байланысты. Біздің болжамымызша, қарыз қаражатының өсуіне мемлекеттік даму институттары тарапынан берілген кредиттер ықпал еткен.

Орта мерзімді перспективада бизнесті жеңілдікпен қаржыландырудың ауқымды бағдарламалары, сыртқы қарыз алу және Ұлттық қордан трансферттердің ұлғаюы есебінен мемлекеттің инвестициялық процеске қатысуы сақталады деп күтудеміз. Осыған байланысты жеке инвестицияларды одан әрі кеңейту және экономиканы технологиялық жаңғыртуға басымдық бере отырып, инвестициялық ағындарды әртараптандыру үшін жағдай жасау өзектілігін сақтайды.
Біздің бағалауымыз бойынша, ағымдағы жылдың соңына қарай инвестициялардың өсу қарқыны 2025 жылмен салыстырғанда біршама қалыпты болады.

2026 жылғы қаңтар-тамызда негізгі капиталға салынған инвестициялардың (НКИ) өсімі 8,1% ж/ж құрады (2025 жылғы қаңтар-тамызда +14,3% ж/ж). Мұндай динамика бюджеттен қаржыландырудың қысқаруымен байланысты болды, оның орны меншікті және қарыз қаражаты есебінен қаржыландырудың өсуімен толықтырылды. Бюджет қаражаты мен жеке құрылыс салушылардың қаражатын есепке алмағанда, инвестициялар айтарлықтай өсім көрсетіп, қаңтар-тамыз қорытындысы бойынша 19,0% ж/ж құрады.

1-сурет. Негізгі капиталға салынған инвестициялар динамикасы, % ж/ж
Дереккөз: ҰСБ

Инвестицияларды қаржыландырудың негізгі көзі шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншікті қаражаты болып қалып отыр. Оның үлесі 66,7%-ға дейін өсті (2025 жылғы 8 айда – 63,4%), алайда 2024 жылғы 8 айдағы деңгейден (67,8%) төмен қалыптасты (1-кесте). Бюджет қаражатының үлесі 2025 жылғы қаңтар-тамыздағы 23,0%-дан 2026 жылдың сәйкес кезеңінде 14,0%-ға дейін қысқарды. Инвестициялардағы мемлекеттік қаржыландыру үлесінің төмендеуінің ықтимал себептерінің бірі Ұлттық қордан (ҰҚ) берілетін трансферттер көлемінің жоспарлы қысқаруы болуы мүмкін. Меншікті қаражат санатына көбінесе мемлекеттік компаниялардың қаражаты да кіретінін атап өткен жөн. Өзінің мәні бойынша бұл квазибюджеттік қаражат болып табылады. Сондықтан инвестициялардағы мемлекеттің нақты қатысу деңгейі бұдан жоғары болуы мүмкін деп болжауға болады.

Банк кредиттерінің үлесі 2025 жылғы қаңтар-тамыздағы 3,4%-дан 2026 жылғы 8 айда 5,6%-ға дейін өсті. Біздің болжамымызша, бюджеттен қаржыландырудың қысқаруы кредиттік құралдарды, оның ішінде Қазақстанның Даму Банкі (ҚДБ) және басқа да мемлекеттік даму институттары арқылы қаржыландыруды кеңейту есебінен өтеліп отыр. Бұл да мемлекеттің инвестициялық процеске қатысу деңгейіне әсер етеді.

1-кесте. Қаржыландыру көздері бойынша НКИ

Инвестициялар Қорытындыға шаққандағы үлесі, 8А2024 Қорытындыға шаққандағы үлесі, 8А2025 Қорытындыға шаққандағы үлесі, 8А2026
НКИ, оның ішінде мына қаражат есебінен: 100,0 100,0 100,0
мемлекеттік бюджет 18,5 23,0 14,0
меншікті қаражат 67,8 63,4 66,7
банк кредиттері  3,6 3,4 5,6
басқа да қарыз қаражаты 10,1 10,1 13,7


Дереккөз: ҰСБ

2026 жылғы қаңтар-тамызда бюджет инвестициялары негізінен үш секторға бағытталды: көлік (36,0%), сумен жабдықтау (11,6%) және электрмен жабдықтау (10,2%). Қалған ірі мемлекеттік инвестициялар білім беру, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік бағыттар арасында бөлінді.

Негізгі салалар арасында инвестициялардың айтарлықтай өсуі ауыл шаруашылығында (+17,6% ж/ж), өңдеу өнеркәсібінде (+39,9% ж/ж), электрмен жабдықтауда (+49,3% ж/ж; елеулі қарыз қаражатын тарту есебінен), құрылыста (+40,0% ж/ж) және байланыс саласында (+45,3% ж/ж) байқалды.

2026 жылғы қаңтар-тамызда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда инвестициялардың төмендеуі тау-кен өндіру өнеркәсібінде (-3,9% ж/ж), қаржы саласында (-17,0% ж/ж), сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын секторларда: сумен жабдықтауда (-14,7% ж/ж) және білім беруде (-68,3% ж/ж) байқалды.

2-сурет. Инвестициялардың салалық құрылымы, %

Дереккөз: ҰСБ
Ескертпе: үлесі 5%-дан төмен секторлар алынып тасталды.

Инвестициялардың салалық құрылымында жылжымайтын мүлікпен операциялар секторы 18,9% үлеспен көшбасшылық орнын сақтап отыр. Электрмен жабдықтау саласындағы инвестициялардың ұлғаюы есебінен оның НКИ көлеміндегі үлесі 2025 жылғы 8 айдағы 7,0%-дан 2026 жылғы 8 айда 9,7%-ға дейін өсті (2-сурет). Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялардың айтарлықтай өсуі және тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі инвестициялардың қысқаруы нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің жалпы инвестициялар көлеміндегі үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесінен асып түсті – тиісінше 14,1% және 13,9%. Өңдеу өнеркәсібіне салынған капиталдың тау-кен өндіру өнеркәсібімен салыстырғанда озық қарқынмен өсуі экономиканы әртараптандыруға және оның құрылымын шикізаттық емес секторлардың пайдасына өзгертуге ықпал етеді.
Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың өсуі азық-түлік өнімдерін өндіруге (+120,6% ж/ж), химия өнімдеріне (+87,1% ж/ж), фармацевтикалық өнімдерге (+38,2% ж/ж) және электр жабдықтарын өндіруге (+81,8% ж/ж) салынған инвестициялардың ұлғаюы есебінен қамтамасыз етіліп отырғанын атап өткен жөн. Аталған бағыттар жиынтық түрде өңдеу өнеркәсібіне салынған барлық инвестициялардың 41%-ын құрайды.

НКИ-дің пайдалану бағыттары құрылымында ғимараттар мен құрылыстарды салу және күрделі жөндеу жұмыстары басым – олардың НКИ-дің жалпы көлеміндегі үлесі 2026 жылғы қаңтар-тамызда 62,9%-ды құрады (2025 жылғы 8 айда – 68,3%). Машиналар мен жабдықтарды сатып алуға бағытталған инвестициялардың үлесі 32,8%-ды құрады (2025 жылғы 8 айда – 27,2%). Құрылыс шығындары инфрақұрылымдық және басқа да жобаларды іске асыру аясында едәуір дәрежеде мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.

Тиісінше, бюджет қаражаты есебінен салынған инвестициялардың қысқаруы құрылыс пен күрделі жөндеуге бағытталған инвестициялар үлесінің төмендеуіне алып келді. Сонымен бірге бюджеттен қаржыландыру үлесінің қысқаруы әртүрлі мемлекеттік даму институттары, атап айтқанда сыртқы және ішкі қарыз алу тетіктері арқылы мемлекеттің инвестициялық процеске ықпалының сақталуын жоққа шығармайды.

Жалпы алғанда, алдағы жылдары экономиканы жеңілдікпен қаржыландыру үшін ауқымды қаражат тартуды көздейтін бұрын жарияланған мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мемлекеттің инвестициялық қызметтегі рөлінің артуына ықпал ететін болады. Ұлттық қордан берілетін трансферттер көлемінің төмендеуі аясында ағымдағы жылы НКИ-дің өсу қарқыны 2025 жылмен салыстырғанда біршама қалыпты болады деп күтудеміз. Тұрақты әрі сапалы ұзақ мерзімді экономикалық даму үшін мемлекеттік және жеке қаржыландыру көздері арасындағы теңгерімді сақтау, сондай-ақ жеке инвестицияларды кеңейту үшін қосымша жағдайлар жасай отырып, технологиялық жаңғыру мен инновацияларға инвестицияларды ынталандыру маңызды.

Арслан Аронов – Аналитикалық орталық
Алёна Сафонова – Аналитикалық орталық

Осы жарияланымдағы материалдарды пайдаланған кезде бастапқы дереккөзге сілтеме жасау міндетті.
 

Кеңес алу
Біздің мамандарымыздан тегін кеңес алыңыз.

Мобильді қолданба 
Halyk Finance

Онлайн шот ашу және сауда жасау